Жол қауіпсіздігі: полиция мен кикшеринг қызметтері арасындағы кезекті диалог

Жол қауіпсіздігі: полиция мен кикшеринг қызметтері арасындағы кезекті диалог

Алматы қаласы Полиция департаментінде кикшеринг компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электр самокаттарды пайдалану тәртібін реттеу, сондай-ақ жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың тәртібін арттыру мәселелері талқыланды.

Жиында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне, электр самокаттардың тротуарларда жүруіне, жылдамдық режимін сақтамауына, сондай-ақ оларды арнайы тұрақ орындарынан тыс жерлерде бейберекет қалдыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайлар жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.

Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелі әрі кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті:

«Бүгінде кикшеринг қалалық мобильділіктің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда сонымен қатар жаңа сын-қатерлер де туындауда. Біздің басты міндетіміз — қала жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы ретте біз сервистік компаниялардан пайдаланушыларды бақылауды күшейтуді, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуді және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыруды күтеміз», — деді ол.

Кездесу барысында электр самокаттарына арналған арнайы ұйымдастырылған тұрақ аймақтарын көбейту және олардың тротуарларда, жол жүру бөлігінде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде бейберекет қалдырылуына жол бермеу қажеттігі де айтылды.

Сонымен қатар, пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауының маңыздылығы және жеке мобильділік құралдарының техникалық жағдайына бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Пайдалануға тек техникалық тұрғыдан жарамды, тиісті тексерістен өткен самокаттар ғана жіберілуі тиіс.

Бұдан бөлек, өрескел құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, оның ішінде бейберекет тұраққа қою немесе қозғалысқа кедергі келтіру фактілері бойынша электр самокаттар, электр велосипедтер және электр мопедтер арнайы айып тұрағына қойылып, құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды күшейтуге, құқық бұзушылықтарды анықтау және шектеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ кикшеринг қызметтерін пайдаланушылар арасында жол қозғалысы мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға келісті.