
Алматы қаласының полиция қызметкері Арменияның Ереван қаласында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогында жүлделі орынға ие болды.
Халықаралық турнирге 21 елден 300-ден астам спортшы қатысқан. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алматы қаласы Полиция департаментінің ЖҚАЖ бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Дәурен Қамаш қола жүлдені жеңіп алды.
Бүгін спортшыны Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов марапаттады.
Ведомство басшысы жүлдегерді құттықтап, оның жетістігі қазақстандық полицияның беделі үшін маңызды екенін атап өтті.
«Алматы қаласы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамының атынан Сізді жоғары спорттық жетістігіңізбен құттықтаймын. Бұл жеңіс — табандылықтың, рух күшінің және іске адалдықтың нәтижесі. Сіз халықаралық аренада тек қазақстандық полицияның ғана емес, тұтас еліміздің абыройын асқақтаттыңыз. Алдағы уақытта жаңа жеңістер мен биік белестер тілеймін», — деді Айдын Кабдулдинов.
Департаментте атап өткендей, Алматы полицейлері спорттық өмірге белсенді қатысып, қызметте де, халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.