Алматыдағы криминогендік ахуал тұрақты – ПД

Алматыдағы криминогендік ахуал тұрақты – ПД

Алматы қаласы Полиция департаментінде 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жедел-қызметтік қызметтің нәтижелері қаралған кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес барысында атап өтілгендей, жалпы алғанда қаладағы криминогендік ахуал тұрақты деңгейде сақталуда. Қылмыс деңгейі 12%-ға төмендеді. Атап айтқанда, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, ұрлық, тонау, алаяқтық және интернет-алаяқтық сияқты санаттар бойынша көрсеткіштер азайған. Сонымен қатар, аталған қылмыстардың ашылу деңгейі де артқан.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы тәртібін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полиция жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

Басым бағыттардың қатарында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі қылмыстарымен күрес, цифрлық шешімдерді дамыту және полиция қызметіне жасанды интеллект элементтерін енгізу де бар.

«Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылықтарға тек салдарымен күресу емес, олардың алдын алу. “Заң мен тәртіп” қағидаты полиция қызметкерлері үшін де, барлық азаматтар үшін де күнделікті өмір нормасына айналуы тиіс», – деп атап өтті Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Кабдулдинов.

Оның айтуынша, профилактикалық жұмысты күшейтуге, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын арттыруға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге баса мән берілуде.

«Біз цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп, қылмыстарды ашу тиімділігін арттырудамыз. Ең бастысы – азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық береміз», – деді Айдын Кабдулдинов.

Кеңес қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Олардың қатарында қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайту, профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және халықтың полицияға деген сенімін арттыру бар.