Әрбір құқық бұзушылық – қайғылы жағдайға апарар қауіп: Алматы полициясы мәлімдеме жасады

Әрбір құқық бұзушылық – қайғылы жағдайға апарар қауіп: Алматы полициясы мәлімдеме жасады

Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған «Стоп – бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындылары шығарылды.

Сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі анықталды.
Полицияны әсіресе жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар алаңдатып отыр. Атап айтқанда, көлік құралын мас күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынсыз басқару фактілері тіркелген. Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану жағдайлары анықталды.
4,7 мыңнан астам көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленді.

Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау шаралары күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы қауіп-қатерлер әлі де адам факторына байланысты сақталып отыр.

«Біз тек өрескел құқық бұзушылықтарды ғана емес, сонымен қатар агрессивті жүргізу әрекеттерін де тіркеп отырмыз. Кенет маневр жасау, жол ережелерін елемеу, өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметсіздік таныту жиі кездеседі. Әсіресе мас күйде көлік жүргізетіндерге, жүргізуші куәлігінсіз немесе жалған нөмірмен әдейі басқаратын тұлғаларға ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді», – деп атап өтті полиция полковнигі Сарғұлов.

Іс-шара аясында түнгі сүзгілеу шаралары күшейтіліп, оның ішінде Әл-Фараби даңғылында бақылау күшейтілді. Сондай-ақ полицияның өзге де бөлімшелерін тарта отырып, қосымша патрульдеу ұйымдастырылды.

Электросамокат пайдаланушыларына да ерекше назар аударылды. Рейдтер нәтижесінде мыңдаған құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қала әкімдігімен бірлесіп, жол қозғалысына кедергі келтірген және ереже бұза орналастырылған көптеген самокаттар көшелерден эвакуацияланды.