
Алматы қаласында қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеу үрдісі байқалуда. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов Қоғамдық кеңес, ПД жанындағы консультативтік-кеңесші орган және ішкі істер органдарының ардагерлерімен өткен есептік кездесуде мәлімдеді.
Оның айтуынша, Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету – полиция қызметінің басым бағыты болып қала береді. Жұмыс жүйелі тәсілге негізделген: тәулік бойы патрульдеу, криминогендік ахуалды күнделікті талдау және қаладағы осал учаскелерде күштерді икемді түрде қайта бөлу.
«Бұл жұмыс бізге құқық бұзушылықтарға тек ден қоюға ғана емес, олардың алдын алуға, ауыр зардаптардың жолын кесуге және ең бастысы – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері қаладағы қылмыс деңгейі 11,8%-ға төмендеді. Негізгі қылмыс түрлері бойынша да оң динамика тіркелді: адам өлтіру – 15,4%-ға, қарақшылық – 25%-ға, тонау – 21,5%-ға, ұрлық – 14%-ға, алаяқтық – 13%-ға азайды. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар 5,2%-ға төмендегені байқалады.
Алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Полиция халықпен белсенді өзара іс-қимыл жүргізіп келеді: жыл басынан бері тұрғындармен 500-ден астам кездесу өткізіліп, аулалар, көшелер және жол инфрақұрылымындағы қауіпсіздік мәселелері талқылануда.
«Біз тек құқық бұзушылықтардың жолын кесуге емес, олардың алдын алуға да басымдық береміз. Көп жағдайда түсіндіру жұмыстары мен жеке жауапкершілікті қалыптастыру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Мұны тәжірибе де көрсетіп отыр: әр оныншы әкімшілік жаза – ескерту», – деп түйіндеді Алматы қаласы полициясының басшысы.