
Алматыда «Стоп – бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көшелерде самокат патрульдерін қолдана отырып, күшейтілген тәртіпте патрульдеу жұмыстары жалғасуда.
Жұмыстың екі күндік қорытындысы бойынша қалада шамамен 150 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – кәмелетке толмағандардың электр самокаттарын басқару фактілері. Көрсетілген кезеңде самокат тізгіндеген 22 жасөспірім анықталды.
Барлық кәмелетке толмағандар көлік құралын басқарудан шеттетіліп, олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, кикшеринг компанияларымен бірлесіп, аталған 22 кәмелетке толмаған пайдаланушының аккаунттары бұғатталды. Бұл олардың жалға берілетін самокаттарды әрі қарай пайдалану мүмкіндігін толықтай шектейді.
Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, самокат патрульдерінің тиімділігі алғашқы күндерден-ақ байқалған.
«Самокат патрульдері өзінің тиімділігін көрсетті және бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Алғашқы күндердің өзінде нақты нәтижелер бар. Дегенмен, кәмелетке толмағандардың самокат басқаруы алаңдаушылық тудырады. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік, ең алдымен, ата-аналарға жүктеледі. Баланың тиісті бақылаусыз, тіпті электр самокаты сияқты көлік құралын басқаруына жол беруге болмайды», – деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.
Полиция кикшеринг компанияларымен бірлесіп, кәмелетке толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын бұғаттау шараларын қабылдауды жалғастырады.