Алматы полициясының дрондары қала тұрғындарымен тілдесе бастады

Алматы полициясының дрондары қала тұрғындарымен тілдесе бастады

Алматы қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасуда.
Енді дрондар тек құқық бұзушылық фактілерін тіркеп қана қоймай, нақты уақыт режимінде азаматтарға заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертіп отырады. Ұшқышсыз аппараттар жарық дабыл элементтерімен және профилактикалық хабарламалар тарататын дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған.

Беспилоттық құрылғылар қоғамдық кеңістіктерді, жаяу жүргіншілер аймақтарын, аулаларды және адам көп шоғырланатын учаскелерді патрульдейді. Қоқыс тастау, қоғамдық орындарда түкіру, ұсақ бұзақылық жасау, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту секілді құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға құқыққа қайшы әрекеттердің жол берілмейтіні жөнінде жедел түрде дауыстық ескерту жасалады.

Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша:
«Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Дауыс зорайтқышпен жабдықталған дрондар құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және азаматтарға тәртіп ережелерін бірден еске салуға мүмкіндік береді. Бұл – қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастырып, тәртіптілікті арттыратын заманауи профилактикалық құрал».

Оның сөзінше, ұшқышсыз аппараттарды пайдалану қолжетімділігі шектеулі аумақтарды да қамтуға және қосымша нарядтар санын арттырмай-ақ бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Полиция өкілдері жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда әкімшілік құқық бұзушылықтардың санын азайтып, қоршаған ортаға және өзге азаматтарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.