
Алматыда 20–29 қаңтар аралығында өтіп жатқан «Тұрмыс» атты жалпықалалық жедел-профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға бағытталған нысаналы тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шара барысында негізгі назар алкогольді жүйелі түрде тұтынатын азаматтарға, сондай-ақ бұған дейін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға аударылуда. Полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайларға барып, профилактикалық әңгімелер жүргізеді, заңнамада көзделген жауапкершілік шараларын түсіндіреді және бұрын шығарылған қорғау нұсқамаларының орындалуын бақылайды.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты — қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең алдымен әйелдер мен балаларды қорғау, сондай-ақ тұрмыстық жанжалдардың ауыр қылмыстарға ұласуына жол бермеу.
Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, полиция қызметінің басым бағыты — алдын алу жұмыстары.
«Біздің негізгі міндетіміз — ескерту және алдын алу. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу және ең осал санаттағы азаматтарды қорғау үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Осы себепті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы профилактика полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», — деп атап өтті ол.