
Алматы қаласы Полиция департаментінде 2025 жылдың қызмет нәтижелері бойынша қорытынды жедел кеңес өтті. Кеңеске әкімшілік полиция, қоғамдық қауіпсіздік және көші-қон қызметі басқармаларының өкілдері қатысты.
Департамент бастығының орынбасары Ержан Узабаев өткен жыл Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы болып жарияланғанын атап өтіп, барлық құрылымдық бөлімшелер үшін «Заң мен тәртіп» қағидаттары басым бағыт болып қала беретінін жеткізді.
«Біздің басты мақсатымыз – еліміздің ең ірі мегаполисінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және заң талаптарын қатаң орындау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Әрбір қызметкер қала мен азаматтар алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс», – деді Ержан Узабаев.
Кеңес барысында үш негізгі бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды: әкімшілік практика, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және көші-қон бақылауы. Сонымен қатар ағымдағы жылға арналған профилактикалық шараларды күшейту, құқықтық тәртіпті нығайту және қызмет тиімділігін арттыру жөніндегі нақты міндеттер айқындалды.