
Алматыда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар барысында Әкімшілік полиция басқармасының саптық бөлімшелерінің қызметкерлері айналасы толық тонировкаланған автокөлікті тоқтатты.
Көлікті 2003 жылы туған жүргізуші басқарған. Аталған құқық бұзушылық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару кезінде анықталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік қара пленкадан тазартылып, айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция өкілдері тонировканың қолданыстағы заңнамаға сәйкес тыйым салынғанын және оның жүргізуші мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін еске салды.
Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және жолда қауіп төндірмеуге шақырады.
«Тонировка талаптарының сақталуын бақылау — жай ғана формалдылық емес, бұл ең алдымен қауіпсіздік мәселесі. Қараңғы әйнектер, әсіресе түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында көру мүмкіндігін төмендетіп, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Тек өткен жылы Алматы қаласында полиция қызметкерлері 22 мыңнан астам автокөлікті тонировкадан тазартты. Бұл жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады. Жүргізушілерді заң талаптарын бұзбауға және өздерінің де, өзге жол қозғалысына қатысушылардың да өміріне қауіп төндірмеуге шақырамын», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.