
Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері каннабис тобына жататын есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысқан адамдар тобын ұстады.
Тінту барысында шамамен 3 келі гашиш және 2,5 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді. Ұсталған тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған операция полиция бөлімшелерінің үйлесімді және нәтижелі жұмысының айқын көрінісі. Біз заңсыз есірткі айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Бұл – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндет", – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайлары мен ықтимал сыбайластары анықталуда.