
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атына Алматы қаласының тұрғынынан Бостандық аудандық полиция қызметкерлерінің сапалы әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс хаты келіп түсті.
Өтініш иесі ҚР ІІМ басшылығына және Бостандық ауданы полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің қызметкерлеріне ризашылығын білдіре отырып, тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Диас Бауржанның жоғары кәсібилігін ерекше атап өткен.
Хатта қарақшылық шабуыл дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында тергеушінің оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерделеп, жәбірленушілердің көрсетпелерін мұқият тексергені және қылмыстың толық көрінісін айқындап бергені көрсетілген.
Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде күдікті тұлғалар анықталып, ұсталып, кейін сот үкімімен кінәлі деп танылды. Қазіргі уақытта олар заңда белгіленген жазасын өтеуде.
Өтініш соңында Алматы қаласының тұрғыны тергеушіге және оның басшылығына қызметтік жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, кәсібилігі мен қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін алғыс білдіруді сұраған.