
Алматы қаласы Полиция департаментіне қала тұрғынынан арнайы хат келіп түсті. Онда ол спецбатальон қызметкерлеріне адамгершілік танытып, дер кезінде көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірген.
Хат авторы Анна Михайловнаның айтуынша, кәмелетке толмаған ұлы абайсызда құлап, қолын сындырып алған. «Жедел жәрдемнің» келуін күту уақыт алуы мүмкін екенін түсінген ана баласын өзі ауруханаға жеткізбек болған. Алайда дәл сол сәтте қаладағы жол қозғалысы айтарлықтай қиындаған: кептеліс деңгейі 10 балға дейін жеткен.
Осы кезде оқиға орнының жанынан полицияның мамандандырылған батальон экипажы өтіп бара жатқан. Азаматша көмек сұраған соң, тәртіп сақшылары шұғыл түрде әрекет етіп, ананы және жарақат алған баланы қызметтік автокөлікпен жақын орналасқан балалар ауруханасына жеткізді. Кептеліске қарамастан, полицейлер жасөспірімге медициналық көмек уақытылы көрсетілуіне жағдай жасады.
Медициналық мекемеде балаға шұғыл ем-дом жасалып, буынды сақтап қалу мүмкін болды. Дәрігерлердің айтуынша, жедел жеткізу ауыр зардаптардың алдын алуда шешуші рөл атқарған.
Алғыс хатта азаматша келесіні атап өтеді:
«Полиция қызметкерлерінің әрекеті ұлым үшін батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болды. Қиын жағдайда жанымыздан табылып, кәсібилік танытқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін», – делінген хатта.
Алматы қаласы Полиция департаменті азаматтардың осындай оң бағасы қызметкерлердің күнделікті қызметіне деген жоғары сенімнің көрсеткіші екенін атап өтеді. Полиция қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кез келген жағдайда көмек көрсету міндетін үздіксіз атқарады.