
Алматы қаласы полиция Департаменті штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Венера Закирзянова 4020 метр биіктіктегі ВЛКСМ (Жастар) шыңына сәтті көтерілді.
Күрделі бағыт Шүкір асуы (3040 м) мен Күмбелсу шатқалы арқылы өтіп, бастауын Үлкен Алматы көлінен алып, қар басқан шыңда аяқталды.
Жол шамамен жиырма сағатқа созылды: түнгі екіден кешке дейін жалғасқан бұл сапар төзімділікті ғана емес, рухтың мықтылығын да талап етті.
Венера Закирзянова – кәсіби альпинист емес, белсенді өмір салтын ұстанатын жан. Ол табандылық, тәртіп пен өз күшіне деген сенім кез келген биіктікті бағындыруға көмектесетінін дәлелдеді.
Полиция қызметкері бүкіл жолды Ішкі істер Министрлігі мен Алматы қаласы полиция Департаментінің логотипі бар жабдықпен жүріп өтті. Бұл оның қызметтік борышына және «Заң мен тәртіп» қағидатына – қызметте де, өмірде де адалдығын білдіреді.