Алматыда Республика күні аталып өтті: үздік полицейлер марапатталды

Алматыда Республика күні аталып өтті: үздік полицейлер марапатталды

Алматы қаласы полиция Департаментінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері және «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты. Бұл күн олардың бәрі үшін қоғамға қызмет ету мен азаматтардың тыныштығын қорғау сынды биік міндетті еске салатын маңызды мереке болды.
Алматы қаласы полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов құттықтау сөз сөйледі.
«Республика күні – өз елін сүйетін және оның болашағына сенетін әрбір азаматтың мерекесі. Ал полиция қызметкерлері үшін бұл күн ерекше жауапкершілік күні. Себебі қоғамның тыныштығы мен тәртібі, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі – көп жағдайда біздің жұмысымызға байланысты», – деді, Қуатбек Науатов.
Ол тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік – мыңдаған полицейдің күнделікті, көзге көп көріне бермейтін, бірақ аса маңызды еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Біз өз қызметін адал атқарып, ерлік пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетіп жүрген әріптестерімізді мақтан тұтамыз. Бүгін табыс етілген марапаттар – олардың ортақ іске қосқан үлесін, алматылықтардың сенімі мен құрметін білдіреді», – деді, Қуатбек Науатов.
Алматы полициясының үздік қызметкерлері мен бөлім басшылары марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Олардың қатарында ауыр қылмыстарды ашуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда және құқықбұзушылықтардың алдын алуда ерекше көзге түскен офицерлер бар.
Сөзінің соңында Қуатбек Науатов әріптестеріне мықты денсаулық, отбасының амандығын және қызметте табыс тіледі.
«Біз бұл мерекені бірлік пен жауапкершілік рухымен қарсы аламыз. Осы рух әр ісімізде серік болсын. Әр қызмет күні – мықты, қауіпсіз әрі сенімді Қазақстан Республикасына апарар бір қадам болсын», – деді, ол.