
Алматы қаласында «Құқықтық тәртіп» атты кең ауқымды республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында полицияның жедел бөлімшелері бөтеннің мүлкін, соның ішінде ұялы телефондар мен өзге де гаджеттерді ұрлаудың алдын алу және ашуға бағытталған «Мобильник» атты нысаналы жұмыс жүргізуде.
Алматы қалалық полиция Департаментінің Криминалдық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талант Исаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – қалта ұрлығының жолын кесу, ұрланған құрылғыларды өткізумен айналысатындарды анықтау, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың қырағылығын арттыру.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ұялы телефондарды жүйелі түрде ұрлаумен айналысқан бірнеше адам ұсталды. Олардың кейбірі бұрын да осындай қылмыстар үшін бірнеше рет сотталған. Сондай-ақ ұрланған мүлікті сатып алумен айналысқан адамдардың қызметі тоқтатылды. Барлық деректер бойынша тиісті құжаттандыру жүргізіліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деді, Талант Исаев.
Іс-шара басталғаннан бері қалада қоғамдық көліктерде, базарларда және сауда орталықтарында жасалған бірнеше ұрлық деректері анықталды. Жедел іс-шаралар барысында ұрланған құрылғылардың бір бөлігі иелеріне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері, қалта ұрлықтарының көбіне адамдар көп жүретін уақытта болатынын ескертеді және тұрғындарды жеке заттарына мұқият болуға, телефондар мен сөмкелерді қараусыз қалдырмауға шақырады.
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясындағы профилактикалық жұмыс жалғасуда. Алматы полициясының жедел бөлімшелері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың мүлкін қорғауға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізуде.