Алматыда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленіп, үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды

Алматыда жарты тоннадан астам есірткі тәркіленіп, үш қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды

Алматы қаласында есірткі қылмыстарына қарсы күрес – полиция жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыс Мемлекет Басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру және Профилактика жылы аясында жүргізілуде.
«Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, қоғамды есірткі қауіпінен қорғау. Биылғы жылдың тоғыз айында Алматы қаласы полициясының бөлімшелері 500-ден астам есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 525 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 52 келі синтетикалық және 3 тоннадан астам БК-4 прекурсоры тәркіленді. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған 255 миллион теңгеден астам ақша мен мүлік мемлекет кірісіне өткізілді», – деді, Алматы қаласы полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Сонымен қатар, 2 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, есірткіні өткізу және таратуға қатысы бар 3 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
Полиция қызметкерлері қазіргі заманғы цифрлық технологияларды белсенді қолдануда. Ұлттық банк және Ақпарат Министрлігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде биыл заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 1,5 мың отандық және 5 мыңнан астам шетелдік банк картасы, сондай-ақ 312 криптоәмиян анықталып, бұғатталды.
68 миллион теңге сомасындағы күдікті банк операцияларының қызметі тоқтатылды.
Сондай-ақ, есірткі таратуға пайдаланылған 2 мың 200 интернет-ресурс бұғатталды, олардың 27-сі – Teлеграм-арна.
Бөлек назар – профилактикалық жұмыс.
Білім беру ұйымдары, жастар бірлестіктері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 700-ден астам кездесу, науқан және түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Қала көшелерінде есірткі жарнамасы бар граффитилер күн сайын боялып, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде, жедел желі мен анонимді чаттар тұрақты түрде жұмыс істейді.
«Алайда ерекше атап өткім келеді: есірткіге қарсы күрес – тек полицияның міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі: ата-аналардан бастап, педагогтар, БАҚ өкілдері мен бизнес қауымдастығына дейін. Тек бірлесіп, белсенді азаматтық ұстаныммен біз есірткі қауіпіне қарсы тиімді тосқауыл қоя аламыз.
Біздің ортақ мақсатымыз – есірткісіз Алматы, тәуелділіктен ада қоғам және заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекет. Полиция осы бағыттағы жүйелі әрі дәйекті жұмысын жалғастыра береді, басты басымдық – жазалау емес, алдын алу мен түсіндіру жұмыстары», – деді, Қуатбек Науатов.