«Заң және тәртіп» қағидаты мен Профилактика жылы аясында Алматы қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері шаһардағы бірқатар жоғары оқу орындары мен колледждерде құқықтық оқыту циклін өткізді.
Сабақтардың мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, жастар арасында өмірлік ұстанымдары мен заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру.
Полицейлер студенттерге құқықбұзушылық түрлері мен олардың жауапкершілігі туралы айтып, тәжірибеден нақты мысалдар келтіріп, заңды білудің және оны сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.
«Бізге дені сау, белсенді және заңды құрметтейтін жастар қажет. Заң мен тәртіп қағидаты тек полиция қызметінде ғана емес, өміріміздің барлық саласында, соның ішінде білім беру процесінде де болуы тиіс. Біздің профилактикалық жұмысымыздың мәні осында», – деді, Алматы қаласы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес Басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.
Полиция Департаментінде атап өткендей, мұндай кездесулер полиция мен оқу орындарының арасындағы серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ жастардың жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы түрде қарауына ықпал етеді.