Полиция қызметкерлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

Полиция қызметкерлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

Таңертең жедел басқару Орталығына, Саин даңғылы мен Райымбек көшесінің қиылысындағы көпірде ер адам тұрғаны, куәгерлердің айтуынша, ол суицид жасамақ екендігі туралы өтіп бара жатқан адамдардан қоңырау келіп түсті.
Оқиға орнына бірден патрульдік полиция экипаждары жіберілді.
Келген бойда полиция қызметкерлері бейсаналық күйдегі ер адамды көрді, ол байланыс орнатудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Өз қауіпсіздіктеріне төнген қатерге қарамастан, патрульдік полицейлер шегінбей, онымен сөйлесуге тырысып, уақыт ұтуды көздеді.
Осы кезде оқиға орнына Әуезов аудандық полиция Басқармасының басшылығы келіп жетті.
Үйлесімді әрекеттердің арқасында полицейлер ер адамның көзіне түспей жақындап, оны қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.
«Ең бастысы — өмірді сақтап қалу. Әр сөз, әр ишара шешуші рөл атқаруы мүмкін екенін жақсы түсініп тұрдық. Біздің патрульдік қызметкерлерге сабыр мен кәсібилігі үшін алғыс айтамын — дәл осы қасиеттер нақты әрекет етуге уақыт берді», — деді, Әуезов аудандық полиция Басқармасы бастығының орынбасары Даурен Майлықбаев.
Құтқарылған азамат — Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін ол Алматы қалалық Психикалық денсаулық Орталығына жеткізілді.
Бұл жағдай тағы да бір мәрте дәлелдеп отыр: полиция қызметкерлері — тек форма киген адамдар ғана емес, күн сайын азаматтардың өмірін сақтап, көбіне өз өмірін қатерге тігіп жүрген жандар.