
Жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың қатысуымен Алматы қаласында «Шұғыла» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Жобаға қатысушылар, жеке сектор өкілдері мен Наурызбай ауданы әкімдігінің қолдауымен балаларға арналған спорттық жабдықтар мен саябақ жиһаздарын жасап шығарды.
Өмірлік қиын жағдайларға қарамастан, бұл адамдар өзгеруге дайын екендерін және жаңа өмір бастауға ұмтылатындарын көрсетті. Бұл – екінші мүмкіндік туралы ғана емес, қоғамға пайда әкелу жайлы оқиға. Себебі жобаның аясында жасалған дүниелер қалада қолданылып, балалар мен отбасыларға қуаныш сыйлауда.
«Бұл жоба – әрқашан қайта оралу жолы бар екенін еске салады. Алайда, ең дұрысы – сол жолдан ешқашан таймау. Бүгінде көптеген жастарға жеңіл табыс немесе «зиянсыз» ләззат сыйлайтын заттар ұсынылуда. Бірақ шын мәнінде, олар – құрдымға кеткен тағдырлар, бүлінген отбасылар мен босқа өткен жылдар. Өзіңізді алдауға жол бермеңіз. Өмір – еңбек пен жауапкершілік. Дәл сол қасиеттер адамды қоғам үшін құрметті әрі пайдалы етеді», – деді, Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Алматы полициясы жастарды жалған азғыруларға бой алдырмауға шақырады.
Болашағыңыз – сіздің таңдауыңызға байланысты. Ал бұл таңдау дәл қазірден басталады.