Алматы полициясының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, мессенджерлерде аккаунттарды белсендіру және үшінші адамдарға беру үшін пайдаланылған SIM-карталар мен мобильді құрылғыларды жаппай сатып алумен айналысқан әйелді анықтады және ұстады.
Белгілі болғандай, бұл әрекет интернет алаяқтықтарын жасау кезінде қаскөйлердің анонимдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Олар өздерін мемлекеттік орган немесе банк қызметкерлері ретінде таныстырған.
Ұсталған әйелдің айтуынша, ол мессенджерлердің бірінде жарияланған «жеңіл табыс» туралы хабарламаға жауап беріп, сыйақы үшін жүздеген абоненттік нөмірді тіркеген.
Алайда дәл осы нөмірлерден бірқатар қылмыстық істер бойынша жәбірленушілерге қоңырау шалынғаны анықталды.
«SIM-карталармен, пошта мекенжайларымен, мессенджер немесе банк аккаунттарымен байланысты кез келген «үйден жасалатын жұмысты» ұсынатын хабарламалар – бұл жоғары қауіп. Адамдар қылмысқа еріксіз араласып, соның салдарынан жауапкершілікке тартылады. Мұндай ұсыныстарға келісер алдында, оның артында кім тұрғанын және мақсатын ойлаңыз. Оңай ақша – көбіне қылмыстық тізбектердің бетпердесі», - деді, Алматы ПД киберқылмысқа қарсы күрес Басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Алматы қаласының полициясы осындай тізбектерді анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.
Еске саламыз: егер сіз интернеттегі алдау әрекеттеріне немесе күмәнді іс-әрекеттерге тап болсаңыз, дереу полицияға хабар беріңіз.