КҮШ, ТӨЗІМДІЛІК, ТӘРТІП – ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АРНАЙЫ ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

КҮШ, ТӨЗІМДІЛІК, ТӘРТІП – ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АРНАЙЫ ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Ішкі істер органдары жүйесінде қызметкерлердің физикалық және жауынгерлік дайындығын қалыптастыруда арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметі басты рөл атқарады.

Дәл осы жерде тәртіптің, шыңдалудың, төзімділіктің негізі қаланады. Басқарма қызметкерлері кешенді тактикалық жоспарларды әзірлеп қана қоймай, күн сайын жеке құраммен жаттығулар өткізеді: қоян-қолтық ұрыс негіздерінен бастап, жұмыла қызмет етуге дейін кең ауқымды дағдыларды қамтиды. Әр жаттығу, әр норматив – жай ғана дайындық емес, нақты жағдайда қажет болатын сценарийлерді пысықтау.

– Физикалық даярлық – қызметтің ажырамас бөлігі. Полиция қызметкерлері заңды біліп қана қоймай, қауіп-қатер, күйзеліс пен қиын жағдайларда әрекет ете білуі керек. Сондықтан төзімділікке арналған жаттығулар, күш дайындығы, атыс және тактикалық шеберлік жүйелі түрде, нақты әдістеме мен жеке бақылау арқылы өткізіледі, – деп атап өтті ведомствода.

Басқармада жауынгерлік дайындыққа, саптық тексерулер мен жиындарды өткізуге, штабтық және жедел-тактикалық оқу-жаттығуларға қатысуға ерекше назар аударылады. Мұның барлығы мықты полицияның кадрлық базасын құра отырып, жеке құрамды тұрақты жауынгерлік дайындықта ұстауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жұмылдыру дайындығын, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды және төтенше жағдайлардан бастап аумақтық қорғаныс шеңберіндегі тапсырмаларға дейін кез келген сын-қатерге дайын болуды көздейді.

Арнайы және жұмылдыру дайындығының жұмысы – полиция қатарындағы кәсібиліктің, күш пен тәртіптің берік іргетасын құрайтын, Ішкі істер министрлігі жүйесінің көзге көрінбейтін маңызды бөлігі болып табылады.