Алматы облысында 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» кең ауқымды профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Оның басты мақсаты – жол жүру тәртібін нығайтып, жол-көлік оқиғаларының санын азайту.
– Өңірдегі жол апаттарының талдауы көрсеткендей, негізгі себептер – жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, жол белгілерін елемеу. Осыған байланысты ЖПІШ шеңберінде күшейтілген шаралар қабылданды: апат жиі орын алатын жол учаскелері ауадан бақыланады – патрульдеуге нақты уақытта заңбұзушылықтарды тіркей алатын арнайы дрондар қолданылады, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Патрульдік полиция батальонының командирі Дархан Байшоинов.
Алғашқы төрт күннің өзінде патрульдік полиция батальоны 522 құқықбұзушылықтың алдын алды.
Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер күн сайын темір тұлпар иелері мен жаяу жүргіншілермен профилактикалық әңгімелер өткізіп, адам өміріне қауіп төндіретін заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ескертуде.
Профилактика мен бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады, ал мұндай іс-шаралар – бір реттік акция емес, өңір жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.