
Қонаев қаласында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Уылдырық шашу» профилактикалық іс-шарасы аясында белсенді жұмыстарын жалғастыруда. Іс-шараның негізгі мақсаты – балықтардың уылдырық шашу кезеңінде, яғни олар аса әлсіз болатын уақытта су биологиялық ресурстарын қорғау.
Айта кету керек, өзен-көлдердің әртүрлі бөліктерінде уылдырық шашу кезеңі климаттық жағдайлар мен экожүйе ерекшеліктеріне байланысты кезең-кезеңімен басталады.
Полиция қызметкерлері рейдтер өткізіп, жағалау аймақтарын патрульдеуде, халықпен және әуесқой балықшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға шақыруда. Әсіресе тыйым салынған құралдар мен әдістер арқылы заңсыз балық аулаудың алдын алуға ерекше назар аударылуда.
Табиғатты қорғау полициясы азаматтарға уылдырық шашу кезеңінде балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.