Профилактикалық жұмыс пен киберполиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Алматы облысында IT-технологиялар саласындағы қылмыстарды ашу көрсеткіші 52,6%-ға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық киберқылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Сайлаухан мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Телефон және интернет алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл (2023–2025 жж.)» бағдарламасы аясында өңірде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
– Тек наурыз айында киберполиция тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұрланған ақшаны криптовалютаға айналдырып отырған дропперлердің ірі ұйымдасқан топтары анықталып, залалсыздандырылды. 20-дан астам профилактикалық акция өткізілді, 12 мыңнан астам жадынама таратылды. Сонымен қатар, облыс аумағында ескерту сипатындағы билбордтар, стендтер мен LED-экрандар орнатылды. 25 мектепте кибергигиена бойынша сабақтар өткізілді, колледж студенттерімен және мешіт жамағатымен кездесулер ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде онлайн-алаяқтардан қорғану жөнінде практикалық кеңестер берілген бейнероликтер мен полиция басшылығының үндеулері жарияланды. Жергілікті БАҚ-та цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған мақалалар мен материалдар жарық көрді, – деді Қ. Сайлаухан.
Сонымен қатар, Anti-Fraud платформасы арқылы полицейлер 15 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз аударылуына жол бермеді. Ұрланған қаржының бір бөлігі иелеріне қайтарылды. Бұдан бөлек, бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды іздестіру мен ұстау жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр.
Алматы облысы тұрақты киберқауіпсіздік жүйесін қалыптастыру бағытында қарқынды жұмысты жалғастыруда. Интернет қылмыстарының алдын алу мен ашылуын қамтамасыз ету облыстық полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында.