17–25 сәуір аралығында Алматы облысының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және азаматтық пен қызметтік қарудың айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған «Мерген» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Акция аясында қару сақтау талаптарының орындалуы тексеріліп, тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру тәртібі бойынша халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаруды заңсыз сақтау деректерін анықтау мақсатында шаруашылықтарда, саяжайларда және жайылымдық жерлерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қызметтік қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау ережелерінің сақталуын бақылау бойынша табиғат қорғау ұйымдарымен бірлескен тексерулер де өтуде.
Акция облыстың барлық аудандарын қамтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар аясында өткізілуде. Шараға әкімшілік, қылмыстық және жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, қару-жарақ айналымы саласының мамандары жұмылдырылған.
Полицейлер заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босататынын еске салып, азаматтарды қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысуға шақырады.