Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбековтің төрағалығымен бейнебайланыс форматында өткен жұмыс кеңесінде полицияның аумақтық бөлімшелері мен ардагерлік ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселесі талқыланды.
Іс-шараға өңірлердің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ішкі істер органдарының ардагерлері, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Кеңес барысында ардагерлер бірлестіктерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылып, проблемалық аспектілер ашық талқыланды, оларды шешу жолдары ұсынылып, ведомство мен қоғам өмірінде ардагерлердің рөлін күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
– Ведомствоның мәліметінше, жиында ұрпақтар сабақтастығы, жас қызметкерлерге тәжірибе беру, ардагерлердің тәрбие және патриоттық жұмысқа қатысуын кеңейту, ұжымдағы моральдық-адамгершілік қағидаттарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Баяндамашылар ардагерлерді құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық кеңестерге қатысу және патриоттық іс-шараларды өткізу сияқты ІІМ-нің түрлі бастамаларына жүйелі және жоспарлы түрде тарту қажеттігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша ІІМ бөлімшелері мен жергілікті жерлердегі ардагерлік құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимыл форматын қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
– Ішкі істер министрлігі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуды дәстүрлерді сақтау, берік моральдық құндылықтарды қалыптастыру және Отанға қызмет ету мәдениетін дамытуға ықпал ететін стратегиялық маңызды міндет ретінде қарастырады, – деп толықтырды ведомствода.