Алматы облысының полицейлері Қызыл кітапқа енгізілген екі құсты заңсыз ұстады деген күдікпен Қарасай ауданының тұрғынын ұстады

Алматы облысының полицейлері Қызыл кітапқа енгізілген екі құсты заңсыз ұстады деген күдікпен Қарасай ауданының тұрғынын ұстады

Ағымдағы жылдың 13 наурызында "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Қарасай ауданының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Іргелі кентіндегі 33 жастағы жергілікті тұрғынының ауласында еш рұқсатсыз қамалған сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген екі сұңқар тұқымдас құсты тәркіледі. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі "пайдалануға тыйым салынған, құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктінің ақпаратына сәйкес, шамамен бір ай бұрын көгершіндеріне ұшып келген бұл құстарды ол өз ауласында ұстап алған. Олар өте әдемі болғандықтан, қызығушылық үшін ұстағанын жеткізді. Заңсыз ұсталған қанаттылардың тұқымын және келтірілген материалдық залалдың сомасын анықтау үшін іс бойынша тиісті сараптама тағайындалды.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі