Еңбекшіқазақ ауданының полиция қызметкерлері аудан прокуратурасының үйлестіруімен психотроптық заттарды заңсыз өндірумен айналысқан жасырын зертхананың қызметін тоқтатты.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында саяжай алқаптарының бірінің аумағынан арнайы жабдықталған үй-жай анықталды. Тінту барысында құрамында химиялық заттар мен прекурсорлар бар 60-тан астам канистр, зертханалық жабдықтар және өзге де құралдар тәркіленді», - деді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлеу Мархамедов.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың арасынан жалпы салмағы 388,97 грамм α-PVP психотроптық заты анықталған. Алдын ала есеп бойынша, бұл шамамен 2 мың бір реттік дозаға тең.
Полиция аса қауіпті психотроптық заттарды ірі көлемде өндіруге және таратуға жол берілмейтінін атап өтті. Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
«Заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деді полковник Мархамедов.
Қазіргі уақытта прекурсорлар мен жабдықтарды сатып алу көздері, ықтимал қаржыландыру арналары, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекетке қатысы бар басқа да тұлғалар анықталуда.
Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.12:11