
ІІМ ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты жағдайды түсіндірді.
- Құрметті жүргізушілер! Қазір тасжолдардағы жылдамдыққа қатысты айыппұлдар бойынша біраз сұрақтар туындағанын көріп отырмыз. Сондықтан не болғанын қысқаша түсіндіргіміз келеді.
13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау орын алды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір-сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.
Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқамалар анықталды және олар автоматты түрде жойылады.
Тағы да атап өтеміз: мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақаудың салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр.
Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр.
Жағдай бақылауда, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.