
Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Полиция департаменті мен прокуратура өкілдерінің бірлескен брифингі өтіп, Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың қорытындысы шығарылды.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты - қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету болды.
Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда патрульдеуді күшейтіп, ойын-сауық орындарын, автожолдарды және профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексерді.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша 500-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін заңсыз сату, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, ұсақ бұзақылық жасау, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жүруі және басқа да құқық бұзушылықтар дер кезінде тоқтатылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Патрульдік полиция 800-ден астам жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 11 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін, 285 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынсыз немесе қажетті құжаттарсыз басқарғаны үшін, 34 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Брифинг барысында құқық бұзушылықтардың жолын дер кезінде кесу және профилактикалық жұмысты күшейту аса ауыр қылмыстардың алдын алуға, қайғылы оқиғаларға жол бермеуге және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Қоғамдық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.