АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ЖАСЫЛ АУМАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ЖАСЫЛ АУМАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

Алматы облысында 27–31 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Жасыл аумақ» республикалық экологиялық акциясы өткізілуде.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің тазалығын сақтау және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.

Акция аясында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзу деректерін анықтау және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізуде. Заңсыз қоқыс төгу, жасыл желектерді бүлдіру және қоршаған ортаға зиян келтіретін өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда.

Профилактикалық іс-шаралармен қатар халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Өңір тұрғындарына ақпараттық жадынамалар таратылып, табиғатқа ұқыпты қараудың, экологиялық талаптарды сақтаудың және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етудің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Алматы облысы полиция департаменті қоршаған ортаны сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін еске салады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана тазалықты қамтамасыз етіп, экологиялық қауіпсіздікті сақтап, табиғи байлықтарды келер ұрпаққа аман жеткізуге болады.