
2026 жылғы 28–30 шілде аралығында Алматы облысының аумағында жолаушылар тасымалы саласындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, заңсыз жолаушылар тасымалдау фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ тасымалдаушылардың қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауын бақылау.
ЖПІ аясында полиция қызметкерлері көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, қажетті рұқсат құжаттарының болуына, сондай-ақ Жол қозғалысы қағидаларының сақталуына ерекше назар аударады.
Алматы облысы Полиция департаменті барлық тасымалдаушыларды жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, көлік құралдарының техникалық жарамдылығын уақтылы қамтамасыз етуге және заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтап, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.