АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АТУ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ДАЯРЛЫҚ ДАҒДЫЛАРЫ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АТУ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ДАЯРЛЫҚ ДАҒДЫЛАРЫ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Алматы облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері Қонаев қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен кезекті жоспарлы оқу-жаттығу сабақтарын өткізді.

Сабақ барысында табельдік атыс қаруымен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларына, оны қолдану дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ қарулы қылмыскерді ұстау кезіндегі тактикалық іс-қимылдарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері төзімділік пен күш-қуатты арттыруға, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлікті күшейтуге бағытталған дене шынықтыру жаттығуларын орындады.

– Мұндай жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп, ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі болып табылады. Олар қызметтік тәртіптің жоғары деңгейін сақтауға, практикалық машықтарды жетілдіруге және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге әрдайым дайын болуға мүмкіндік береді, – деді Алматы облысы ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Әсет Табеев.

Алматы облысы Полиция департаментінде жеке құрамның жүйелі даярлығы қызметтік міндеттердің тиімді орындалуына және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететіні атап өтілді.