АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 1,2 ТОННАДАН АСТАМ ЕСІРТКІ ҚҰРАМДЫ ӨСІМДІК ТӘРКІЛЕНДІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 1,2 ТОННАДАН АСТАМ ЕСІРТКІ ҚҰРАМДЫ ӨСІМДІК ТӘРКІЛЕНДІ

«Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысы полициясы прокуратураның үйлестіруімен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Балқаш ауданындағы Бақанас – Топар автожолының 9-шақырымында полиция қызметкерлері жеңіл автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында көлік салонынан ауданның дала алқабынан жиналған өсімдік тектес есірткі заттары табылды.

Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген жалпы салмағы 6 келі 780 грамм зат кептірілмеген марихуана екені анықталды.

Одан әрі жүргізілген тергеу әрекеттері барысында 35 жастағы күдікті есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз жинаған орнын көрсетті. Аталған аумақта тергеу-жедел тобы жабайы өскен қарасораны орып, тәркіледі.

Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген жалпы салмағы 1 тонна 270 келі өсімдіктер кептірілмеген қарасора өсімдіктері екені анықталды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 35 жастағы жолаушы мен 34 жастағы жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.