
Жазғы демалыс кезеңінде Алматы облысының аумағында ұйымдасқан балалар топтарын тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері балаларды тасымалдауға тартылатын автобустарды алдын ала тексеріп, олардың техникалық жарамдылығына, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуына, сондай-ақ барлық қажетті құжаттардың болуына ерекше назар аударады. Сонымен қатар, балаларды тасымалдау бағыттарында патрульдік полиция экипаждарының ілеспе алып жүруі ұйымдастырылып, жол қозғалысы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және кәмелетке толмаған жолаушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алматы облысы Полиция департаменті білім беру ұйымдары мен тасымалдаушы мекемелерді балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау кезінде қолданыстағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз және полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі.