Алматы облысының полициясы автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуде

Алматы облысының полициясы автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуде

Алматы облысының автожолдарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында, полиция қызметкерлері жолдардың көлік қозғалысы қарқынды, әрі апат қаупі жоғары учаскелерінде тұрақты түрде патрульдік қызмет атқаруда.

Жолдағы жағдайды бақылаудың тиімділігін арттыру үшін, заманауи техникалық құралдар кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, апат қаупі жоғары учаскелерде ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) пайдаланылады. Олар қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да өрескел жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, автожолдарда жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тәулік бойы тіркейтін автоматты бейнебақылау камералары жұмыс істейді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыруда. Әсіресе, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, тыйым салынған жерлерде басып озбау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланбау және қауіпсіз арақашықтықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Полиция жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарынан орын алатынын ескертеді. Қауіпсіздік талаптарын елемеудің әрбір жағдайы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.