
2026 жылғы 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында Алматы облысының аумағында ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «HI-TECH» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – киберқылмыстардың алдын алу, интернет-алаяқтықтың жолын кесу, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Қазіргі таңда алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Ең жиі кездесетін әдістердің бірі – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып, «шотыңызға қауіп төніп тұр» деген желеумен SMS арқылы келген бір реттік растау кодын сұрату. Сондай-ақ, белгілі компаниялардың атын жамылып, криптовалютаға немесе жалған инвестициялық жобаларға қаржы салуға үгіттейтін жағдайлар да жиілеп отыр.
Осыған байланысты полиция азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келген кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу қажет. Кез келген инвестициялық ұсынысты тек ресми ақпарат көздері арқылы тексерген жөн.
Алматы облысының полициясы тұрғындарды интернет кеңістігінде барынша сақ болуға шақырады. Есіңізде болсын: кибералаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы – қырағылық пен ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау. Өз деректеріңіз бен қаражатыңызды қорғауға әрдайым жауапкершілікпен қараңыз.