
Қонаев қаласында AFMOnline2026 форумы аясында Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне арналған оқыту тренингі өтті. Іс-шараға Алматы облысы Полиция департаментінің Киберполиция басқармасының қызметкерлері мен Қонаев қалалық полиция басқармасының мамандары қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тренинг барысында қатысушыларға заманауи киберқылмыстардың кең таралған тәсілдері, жалған қоңыраулар мен фишингтік сілтемелердің қауіптілігі, банк карталары мен жеке деректерді қорғау жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар алаяқтардың психологиялық айла-тәсілдері мен олардан сақтану бойынша нақты мысалдар келтірілді. Іс-шараға әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметкерлер қатысып, күнделікті қызметте және жеке өмірде қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған пайдалы ақпарат алды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тәжірибелік кеңестер алды. Мұндай профилактикалық кездесулер азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.