
Қонаев қаласының полицейі жеті тілді меңгергенімен таңғалдырды
Қонаев қаласы Полиция басқармасының туристік полиция қызметінің аға лейтенанты Әділбек Жүнісханов өзінің тіл меңгерудегі қабілетін көрсетіп, қызметі мен тіл үйренуге деген қызығушылығы туралы жеті тілде әңгімелеп берді. Полицей өзіне туған қазақ және орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, испан, корей, жапон және түрік тілдерінде еркін сөйлеп, өзі туралы таныстырды. Әділбек Жүнісхановтың айтуынша, шет тілдерін меңгеру – қызметтен тыс уақыттағы ең сүйікті ісі. Оның пікірінше, үздіксіз өзін-өзі дамыту адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, кәсіби шеберлігін де арттырады. Бұл өз кезегінде шетелдік азаматтармен және өңір қонақтарымен еркін тілдесуге мүмкіндік береді. – Полицей әрдайым өзін дамытып отыруы керек. Тіл үйрену – мен үшін жаңа мәдениеттерді тану, өзімді жетілдіру және кез келген жағдайда адамдарға пайдалы болудың мүмкіндігі, – дейді Әділбек Жүнісханов. Алматы облысы Полиция департаментінде мұндай қызметкерлердің өздігінен білім алуға, кәсіби тұрғыда өсуге және жан-жақты дамуға ұмтылысының өзгелерге үлгі екені атап өтілді. Шет тілдерін меңгеру азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық полицияның заманауи келбетін қалыптастырып, «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын дамытуға ықпал етеді.