2026 жылғы 24 маусымда Алматы облысы әкімінің жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Амангелдіұлы Саданов қатысып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір білдірді.
Жиын барысында облыс аумағындағы криминогендік ахуалды жақсарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Қатысушылар атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін саралап, құқық бұзушылықтардың себептері мен оларға ықпал ететін факторларды жоюға бағытталған қосымша шараларды қарастырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия төрағасы жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына, қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Олар қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жетілдіруге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының профилактикасын күшейтуге бағытталған.
Бүгінде берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынып, олардың іске асырылу барысына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Құзырлы органдар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.