
«Таза Қазақстан» республикалық табиғат қорғау акциясы аясында Қапшағай су қоймасы аумағында «Таза су айдыны» атты экологиялық іс-шара өтті. Акцияны «БАМБИРХ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, оған «Алматы қайық шебері» ұйымы мен Tazamen.kz экологиялық қозғалысының өкілдері де белсенді қатысты.
Іс-шара жыл бойы балық аулауға тыйым салынған аумақта өткізілді. Акцияның негізгі мақсаты – су айдынын тасталған балық аулау торлары мен басқа да ау құралдарынан тазарту, сондай-ақ жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан арылту болды.
Табиғат қорғау акциясының нәтижесінде су айдынынан шамамен 5 шақырым заңсыз қалдырылған ау торлары шығарылып, 1 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Атқарылған жұмыстар су қоймасының биологиялық әртүрлілігін сақтауға, балық қорын қорғауға және жағалау аумағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Табиғат – баршамызға ортақ байлық. Су айдындарының тазалығын сақтап, қоршаған ортаны келер ұрпаққа аман жеткізу – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.