«Заң мен тәртіп» – әр қызметкердің жеке жауапкершілігі

«Заң мен тәртіп» – әр қызметкердің жеке жауапкершілігі

Алматы облысы полициясының бөлімшелерінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіруге бағытталған тұрақты кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Аталған іс-шаралар барысында жеке құрамға заңдылықты сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтарға адал қызмет көрсету мәселелері жан-жақты түсіндіріледі. Қызметкерлерге «Заң мен тәртіп» идеологиясының басты мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және әр азаматтың заң талаптарын құрметтеуінен басталатыны жеткізіледі.

Кездесулерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ең алдымен әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі мен үлгісінен басталатыны ерекше атап өтіледі. Осы ретте көрнекті қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің: «Бүгін сен түзелсең – ертең ел түзеледі» деген қанатты сөзі негізгі ұстанымдардың бірі ретінде насихатталуда.

Түсіндіру және тәрбие жұмыстары тек облыстық аппаратта ғана емес, Алматы облысының барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде жүйелі түрде өткізілуде. Мұндай кездесулер жеке құрамның құқықтық санасын арттыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және халықтың полицияға деген сенімін одан әрі күшейтуге бағытталған.