ҚР ІІМ басқару академиясы магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін түсіндірді

ҚР ІІМ басқару академиясы магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін түсіндірді

Алматы облысы Полиция департаментінде құқық қорғау саласына жоғары білікті кадрлар даярлайтын жетекші білім беру ұйымы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Іс-шараны Академияның Ғылыми орталық бастығы, полиция подполковнигі, философия докторы (PhD), қауымдасқан профессор Данияр Қайырбекұлы Райбаев жүргізді. Кездесуге Алматы облысы ПД Патрульдік полиция батальонының, Қонаев қаласы Полиция басқармасының және департамент аппаратының қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы өңірдегі қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің жеке құрамы қосылды.

Кездесу барысында полиция подполковнигі Данияр Райбаев 2026 жылы ҚР ІІМ жоғары оқу орындарының магистратурасы мен PhD докторантурасына қабылдаудың жаңартылған тәртібін жан-жақты түсіндіріп, үміткерлерге қойылатын талаптар, іріктеу кезеңдері, білім беру бағдарламалары және ғылыми-зерттеу бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.

Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби және ғылыми әлеуетін арттырудың маңыздылығы атап өтіліп, жоғары білімнен кейінгі бағдарламаларда оқудың ішкі істер органдары жүйесіндегі мансаптық өсуге, басқарушылық және ғылыми құзыреттерді дамытуға ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара соңында жеке құрам арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты міндеттер қойылып, қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауаптар берілді.

Алматы облысы полициясы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және ведомстволық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.