
Алматы облысында облыстық жас жол инспекторларының слеті өтіп, оған өңірдің қала-аудандарынан келген мектеп командалары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және құқықтық мәдениетін дамыту.
Слет барысында қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін көрсетіп, велосипедті мәнерлеп жүргізу, реттеуші қимылдарын орындау, алғашқы медициналық көмек көрсету және жол қауіпсіздігін насихаттау бағыттары бойынша бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Іле ауданының командасы иеленді. Екінші орын Талғар ауданының командасына бұйырса, үшінші орынды Еңбекшіқазақ ауданының командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар марапатталып, ал бірінші орын иегерлері Қостанай қаласында өтетін республикалық жас жол инспекторлары слетінде Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
Алматы облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ұлан Көлбайұлының айтуынша, мұндай шаралар балалар арасында жол-көлік жарақатының алдын алуға және заң мен тәртіпке құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.