
Қонаев қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлықтың ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған «Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі» кешенді жоспар, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» және «Чемпиондық рух» тұжырымдамалары аясында өткізілді.
«Есірткісіз болашақ – ел болашағы» атты акция жастар арасында есірткіге деген мүлдем төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруға, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға колледж студенттері, жастар, спортшылар және полиция қызметкерлері қатысты. «Чемпиондық рух» тұжырымдамасы аясында қатысушыларға танымал спортшылар таңғы жаттығу өткізді. Олардың қатарында грэпплингтен спорт шебері, Азия чемпионы Нариман Даулбаев, еңбек сіңірген спорт шебері әрі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Корлан Жанақанша және бодибилдингтен әлем чемпионы Алексей Слесаренко бар.
Спортшылар жастарды спортты серік етіп, өзін-өзі дамытуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айлықтың басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу және жастар арасында дұрыс өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар Алматы облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тұрақты бақылауында.