Қазақстанда Орта Азия тасбақасын пайдалануға тыйым салынды

Қазақстанда Орта Азия тасбақасын пайдалануға тыйым салынды

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Орта Азия тасбақасын, сондай-ақ оның бөліктері мен туындыларын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 2040 жылға дейін пайдалануға тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойды.

Аталған шара сирек кездесетін жануар түрінің популяциясын сақтау және қалпына келтіру, табиғи ортадан заңсыз алу фактілерінің алдын алу, сондай-ақ биоалуантүрлілікті қорғау саласындағы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында қабылданды.

Тыйым Орта Азия тасбақасын табиғи ортадан алуға, ұстауға, тасымалдауға, сатуға және пайдаланудың өзге де түрлеріне, сондай-ақ аталған түрдің бөліктері мен туындыларының айналымына қолданылады.

Орта Азия тасбақасы өңір фаунасының осал өкілдерінің бірі болып табылады және экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Мамандардың айтуынша, популяцияға төнетін негізгі қауіптер – заңсыз аулау, сауда және табиғи мекен ету ортасының қысқаруы.