Қонаев қаласының полиция қызметкерлері Іле өзенінің жағалауында профилактикалық іс-шара өткізді

Қонаев қаласының полиция қызметкерлері Іле өзенінің жағалауында профилактикалық іс-шара өткізді

Қонаев қаласының полиция қызметкерлері Іле өзенінің жағалауындағы жетуі қиын аумақтарда атпен профилактикалық іс-шара өткізді.

Рейдтің негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ уылдырық шашу кезеңіндегі тыйым уақытында демалушылар мен балықшылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Естеріңізге сала кетейік, Қапшағай су қоймасы аумағында 2026 жылғы 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында, ал Іле өзенінде 2026 жылғы 5 сәуір мен 5 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынған.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері патрульдік автокөлік бара алмайтын жағалау аумақтарын тексеріп, азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасын сақтау және балықты заңсыз аулауға жол бермеу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтік іс-шаралар өңірдің биоресурстарын сақтау, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жаппай демалыс орындарындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады.