
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Алматы облысы полиция департаментінде басшылықтың, жеке құрамның және ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Облыстық полицияның саптық алаңында үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен саптық байқау ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев қызметкерлерді мемлекеттік мерекемен құттықтап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі полиция қызметінің маңызын атап өтті.
Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған полиция қызметкерлері грамоталармен, алғыс хаттармен және кезекті арнайы атақтармен марапатталды. Салтанатты рәсімнің ерекше сәттерінің бірі – жас қызметкерлердің ант қабылдауы болды. Сондай-ақ оларға алғашқы арнайы атақтар табысталды.
Іс-шара аясында құқықтық тәртіпті нығайтуға және жас қызметкерлерді тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.
– Отан қорғаушылар күні – ерлік пен елге адал қызмет етудің, Отанға деген сүйіспеншілік пен антқа беріктіктің символы. Бүгінде аға буынның тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізіп, қызметтің озық дәстүрлерін сақтау, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту аса маңызды, – деді өз сөзінде Мейрам Әбікеев.
Департамент бастығы жас буын қызметкерлеріне ақжарма тілегін арнап, халыққа адал қызмет етудің, тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Салтанатты шара жеке құрамның мерекелік маршпен сап түзеуімен қорытындыланды.