
Алматы – Өскемен республикалық автожолының 74-шақырымында қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері жол жиегінде жалғыз кетіп бара жатқан кішкентай баланы байқады. Тәртіп сақшылары дереу тоқтап, оның қауіпті жерде не істеп жүргенін және көмек қажет-қажет еместігін сұрады.
Анықталғандай, 6 жастағы бала Қонаев қаласындағы үйінен ойнауға шығып, саяжайда тұратын досына өз бетінше бармақ болған. Алайда жолда адасып, автожол жиегіне шығып кеткен.
Полиция қызметкерлері бұл жол учаскесінде көлік қозғалысы өте қарқынды екенін атап өтті. Автокөліктердің жоғары жылдамдығы жаяу жүргіншілер үшін, әсіресе балалар үшін, үлкен қауіп төндіреді.
– Бұл өте қарқынды қозғалыс бар жол. Мұнда тіпті ересек адамның өзі үшін де қауіп жоғары. Осындай жағдайларда бейжай қалмау маңызды. Әрбір азаматтың, мамандығына қарамастан, балаларды қауіптен қорғау – ортақ міндет, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Патрульдік полиция батальонының инспекторлары, аға лейтенанттар Расул Джаруллаев пен Бақыт Төлепергенов баланы Қонаев қалалық полиция басқармасына жеткізіп, ювеналдық полиция инспекторлары арқылы анасына тапсырды.
Баланың анасы полиция қызметкерлеріне қырағылығы мен жедел әрекеті үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, тәртіп сақшыларының уақытылы көмегі ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген.